Жаналық

МАМЫРАЖАЙ МАМЫРДЫҢ МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕСІ

2018-05-01 92 рет қаралды
Елімізде сан түрлі этнос өкілдері бір арнаға ұйысып, татулықта тіршілік кешуде. Әрине, мұндай бейбітшіліктің бастауында ұлттар мен ұлыстардың өзара рухани келісімі тұр. Елбасы Жарлығымен қабылданған 1-мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні жыл сайын жоғары  деңгейде тойланып, халықтар арасындағы татулықты нығайтып келеді. Мерейлі мереке Жаңақорған жерінде де сән-салтанатымен аталып өтіліп, ел бірлігі ұлықталды. 
Орталық алаңда өткен салтанатты шараның шымылдығын түрген аудан әкімі Ғалым Әміреев жиылған жұртшылықты мерекемен құттықтады. 
 Бүгінде Жаңақорған ауданында 18 ұлттың өкілі тату тәтті ғұмыр кешіп, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетуде. Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, қашан да ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін! – деген аудан басшысы өңірдің өркендеуі мен гүлденуіне өзіндік үлесін қосып жүрген бір топ сала үздіктеріне «Алғыс хат» табыстады.      
Мұнан кейін, мерекелік шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Әсіресе, патриоттық бағыттағы әндер жиылған жұртшылықтың қошеметіне ие болып, мерекелік көңіл күй сыйлады. Осылайша, Бірлік күнін, жоғары деңгейде  атап өткен Жаңақорған жұртшылығы ауызбіршіліктің ерен үлгісін паш етті.