Жаналық

1 маусым – балалар мерекесі. Өміріміздің мәні мен сәні, базары мен ажарына айналған бүлдіршіндердің төл мерекесі күні орталық алаңда балаларға базарлық тарту етілді. Аудандық білім бөлімінің үйлестіруімен өрбіген «Балалық шақтың болашағы» тақырыбындағы ме

2018-06-01 25 рет қаралды
1 маусым – балалар мерекесі. Өміріміздің мәні мен сәні, базары мен ажарына айналған бүлдіршіндердің төл мерекесі күні орталық алаңда балаларға базарлық тарту етілді. Аудандық білім бөлімінің үйлестіруімен өрбіген «Балалық шақтың болашағы» тақырыбындағы мерекелік кеште жаңақорғандық өрендер өнерімен сүйсіндірді.
Алдымен, білім ошақтары мен үйірмелер және ұстаздардан жасақталған музыкалық шеруге кезек берілді. Концерттік бағдарламаның шымылдығын аудандық «Әлшекей» атындағы өнер мектебінен келген «Балапан» би тобы ашты. 
Әлшекей өнер мектебінің директоры Қалдыбай Қошқарбаев бастап, өнерлі жастар қостап музыкалық шеруді бастады. Одан кейін алаңға беттеген аудандық балалар мен мәдени-тәрбиелік жұмыстар орталығының робот бейнесі көпшілікті тәнті етті. Осылай №3 мектеп-интернат, №51 М.Қаратаев атындағы орта мектеп, №56, №110 мектеп лицейі, №125, №163, №169 білім ошағы мен «Түгіскен», Бесарық балалар өнер мектебі шеру салтанатына сән берді. Сондай-ақ, Жамбыл Сырымов бастаған алғашқы әскери даярлық пәнінің ұстаздары да қатарласа сап түзеп, «Мен қазақпын» әнін әуелетті. Шеру соңында патриоттық әндер айтылып, би биленді. 
Мерекелік шарада С.Төлегенов Ыбырайдың «Гәкку» әуенін, Қ.Алиева «Құтты болсын мереке» әнін шырқады. Балаларға қуаныш сыйлаған мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Әйтбембет жиналғандарды балалар мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Әрі, өнер саласына елеулі еңбек етіп жүрген ұстаздар мен шәкірттерді «Алғыс хатпен» марапаттады.