Жаналық

Жаңақорғандық жас кәсіпкер Мұхтар Шаханов Астанада өткен «Атамекен» ҰКП V-съезі аясында «Бастау жобасы» түлектерінің форумында «Үздік кәсіпкер» номинациясымен марапатталды.

2018-06-24 43 рет қаралды
Жаңақорғандық жас кәсіпкер Мұхтар Шаханов Астанада өткен «Атамекен» ҰКП V-съезі аясында «Бастау жобасы» түлектерінің форумында «Үздік кәсіпкер» номинациясымен марапатталды. Яғни, 2017 жылғы «бастаулықтардың» бастауымен іске қосылған 30 үздік бизнес-жоба марапат төрінде мерейі тасыды.
Өздеріңізге белгілі, «Бастау» жобасы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының екінші бағыты болып табылады. Жобаның қаржылай емес операторы – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Негізгі мақсат – елдегі бизнес-бастамасы бар, өзін өзі жұмыспен қамтыған және ауылдағы жұмыссыз тұрғындарды кәсіпкерлікпен айналысуға тарту арқылы ауыл халқының экономикалық белсенділігін арттыру.

Елорда төрінде өткен алқалы форумда белгілі болғандай, 2017 жылы Қазақстан бойнша 80 ауданда 15 000 адам «Бастау» жобасы бойынша оқып, оның 3314-і өз бизнесін ашқан. Міне, осы жарқын жобаның былтырғы жылғы түлегі Мұхтар Шаханов Жаңақорғанда «Нұр-Сәуле» той ұйымдастыру орталығының директоры. Ол былтыр аудандық кәсіпкерлік палатасында «Бастау» жобасына қатысып, бір айлық оқыту курсын тәмамдайды. Содан кәсібін кеңейтпек мақсатта жаңа бизнес-жоба жасап, ойдағыдай қорғап шығады. «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығы арқылы 3 млн. теңге несиеге қол жеткізеді. Қолдау қаржыға соңғы сандық үлгідегі фотоаппарат, бейнекамера, өзге де жеделдетілген технологияға негізделген құрылғылар алады.

Осы жобаның түлегі ретінде «Атамекен» ҰКП V-съезіне және «Бастау жобасы түлектерінің форумына қатысып келдім. Форум аясында елдегі үздік бизнес-тренерлер мен табысты кәсіпкерлердің құнды кеңесін тыңдадық. Мұндай бизнес-форумдар мен оқыту курстары мен түрлі семинар-тренингтердің жастарға берер пайдасы мол, – дейді форумда «Үздік кәсіпкер» номинациясына ие болған Мұхтар Нұрланұлы.