Жаналық

Бесарық ауылдық округіндегі №239 мектепке Төлепберген Әбдірашевтің есімі берілді.

2018-06-19 30 рет қаралды
«Қазақ мәдениетіндегі классикалық музыка және Төлепберген Әбдірашевтің мұрасы» атты рухани-мәдени шара Бесарық ауылдық округінде өрбіді.
Салтанатты шараның ашылуында Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева «Гәкку» әнін шырқады. Одан кейін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Бесарықтағы №239 мектепке Төлепберген Әбдірашевтің есімін берудің мәніне тоқталды.

– Төлепберген Әбдірашев жастайынан білімге құштарлығын аңғартып, ізденісімен ұстаздарын тәнті етеді. Сондай асқақ мұраты консерваторияның студенті атандырады. Онда «Халық аспаптары оркестрінің дирижері» деген мамандығын алып, Шымкент музыкалық училищесінде оқытушылық қызметке кіріседі. Білімін, біліктілігін арттыру мақсатында Мәскеудің Чайковский атындағы мемлекеттік консерваторияда кәсіби ілімін арттырады. Жалпы, қазақ музыка өнерін әлемдік деңгейге көтерген қайраткер Еуропа елдерін өзінің талантымен мойындатты. Мұндай тұлғаны неге ұлықтамасқа? – деді облыс әкімі.

Шара өнерпаздардың концертік бағдарламасымен жалғасты. Одан кейін тұлға рухына Құран оқылып, ас берілді.