Жаналық

Ауданның тоқсан жылдық мерейтойы Ақүйік ауылдық округінде бастау алды

2018-09-25 22 рет қаралды
Ауданның тоқсан жылдық мерейтойы Ақүйік ауылдық округінде бастау алды. Ақүйіктік ағайын бұл күні таңның атысынан абыр-сабыр күйде. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, орталық алаңға жиналған Бірлік селосы тұрғындары Жаңақорған ауданы мен Халық ақыны Манап Көкеновтың 90 жылдығын атап өтуге қызу дайындық қамында жүр.
Аталмыш мерейтойдың бастауы Ақүйікте бастау алуында үлкен мән бар. Қашанда бірлігі мен ынтымағы жарасқан тау етегінде ауылдың ауыл халқы бұл күнді асыға күтіп, торқалы тойға тамаша тарту жасады. Мәдени шара Тәуелсіздікті сыйлаған бабалар рухына тағзым жасаумен басталды. Тағзым алаңына гүл шоқтары қойылып, Құран бағышталды. Одан кейін аудан және ауыл тарихынан сыр шертетін әдеби монтаж оқылды. Ал, ауыл кітапханасында ақын Файзулла Сахиевтың 70 жасқа толуына орай «Туған жер-менің жыр әнім» атты поэзия кеші өтті. Мерекелік шара аудандық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған көрмеге ұласты. Клуб үйінің маңында тігілген киіз үйде қолөнер бұйымдары сән түзеп, келушілер тұрмыстық салт-дәстүр көріністерін тамашалады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеген ауыл жұрты тұсау кесер дәстүрін ұйымдастырды. Ал, ұлттық спорт түрінен сынға түскен саңлақтар шараның көркін ашып, аяқ допшылар жүлде жолында аянып қалмады. Қас қарайғанға дейін созылған ала доп бәсекесі ұжым-мекеме қызметкерлерінің аламанда басын түйістірді.
Мереке қарсаңында тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетілді. Белгілі кәсіпкер, «Асылжан KZ» ЖШС бас директоры Бақыт Берділлаев 11 отбасыға көмек көрсетіп, азық-түлікпен қамтамасыз етті. Алдағы уақытта ауыл азаматтары спорт кешеніне кірісуге бел буып отыр. «Қазығы қағылып, дайын енді тек нақты іске кірісу керек» деген кәсіпкер Бақыт нысан ашылғаннан кейін жұмыссыз жандарды жұмысқа тартатынын жеткізді. Ал, «ZhasProject» жобасы арқылы Ademi_ R тігін шеберханасы жұмысын бастады. Іске кіріскен жастардың жаңа жобасын аудан әкімі ашып, табысқа жету жолында сәттілік тіледі.