Жаналық

Ауданымызда «Билер кеңесін» құру мәселелері талқыланды

2019-03-06 78 рет қаралды

     Жаңақорған ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Жаңақорған аудандық сотының және аудан әкімі аппаратының ұйымдастыруымен «Медиация немесе дауды баламалы шешу артықшылығы» тақырыбында жиын өтті.Іс шараға аудандық соттың төраға міндетін атқарушы Ә.Б.Түбекбаева, аудан әкімінің орынбасары Ғ.Ж.Сопбеков, ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік мекемелер басшылары, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар мен ауыл тұрғындары қатысты.

     Шараны аудан әкімінің орынбасары Ғ.Сопбеков ашып, дауды шешудегі басты мақсат кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс деген сұрақ емес, керісінше екі жақты ортақ мәмілеге келтіру екенін, ежелгі билеріміздіңде мақсаты екі жақты тартуластыру болғанын тілге тиек етіп, дауды шешудің баламалы әдісі ретінде билер кеңесін құру екенін айтты.

     Өз кезегінде Ә.Түбекбаева қазіргі қоғамда билер кеңесі азаматтық дау-дамайларды шешіп, істі сотқа дейін жеткізбей әрекет ете алатынын айтып өтті. «Ел ішінде беделі салмақты, ауызы дуалы қариялар бар, сөзбен жанжалды ажырата алатын, бұрын мемлекеттік қызметте болған, қазір зейнеткерлік жаста жүрген ел ағалары, ауыл ақсақалдары бар, солардың басын қосып, билер кеңесін құрып, ел ішінде болып жатқан дау-дамай, жанжалдарды реттеп, соларды бітімгершілікке баулыса» - деген ұсынысын білдірді

     Ә.Түбекбаева мен Ғ.Сопбеков өз тараптарынан қатысушыларға билер кеңесінің тыңғылықты, әрі жоспарлы түрде қалың жұртшылық арасында  жұмыс істеуі жөнінде пікірлері мен ұсыныстарын айтуды ұсынды.Сөйтіп, жиынға қатысушылар бірауыздан Билер кеңесін құрудың қажеттілігін қолдап, кеңестің дамуының маңыздылығын айта келе өз тараптарынан бұл бастаманы толықтай қолдап, билер кеңестерінің жұмыстарына барынша атсалысатындарын жеткізді.