Жаналық

ЖАС ЕРІКТІЛЕР ТОБЫ - БҮГІНГІ КҮННІҢ БАТЫРЛАРЫ

2019-05-14 61 рет қаралды

13 мамыр күні Жаңақорған орталық мешіт асханасында бүгінгі таңда аудан тұрғындары үшін қайырымды жандар аталымына ие болып үлгерген яғни кент орталығындағы мешіт жамағаттарынан құралған "Жаңарған Жаңақорған Жастары" еріктілер тобы ауызашар өткізді. Ауызашарда тек ас беріліп, құран оқытылу ғана емес, осы еріктілер тобының мүшесі Әбдісамат Әбдіш бауырымыз атқарылған игі жұмыстар мен алдағы атқарылатын түрлі жобалармен таныстырды. Ия, ауыз толтырып айтар керемет жұмыстар баршамызды күтіп тұр, тек жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, ел болып бірлесе атқарамыз деген ниеттеміз.

Аудан әкімі Ғалым Махмұтбайұлы Әміреев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов, аудандық мәслихат депутаты Рахымбаба Құтыбаев ағаларымыз ауданның дамуы үшін жүзеге асырылатын әрбір игі шараларға әркез қолдау болатынын жеткізді.

Жалпы жиналған жұртшылық бүгінгі таңда кент орталығындағы қайырымдылық шаралары мен игі жұмыстарға мұрындық болып жүрген Жаңақорған кенті, "Аташ ауыл" мөлтек ауданының 1989 жылы туылған жастарына және де Нурболат Аширов, Арман Мажитов, Ерлан Бүркітбаев, Данияр Досантаев, Еркинбек Айнақожаев, тағы да басқа белсенді жастарға өз ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, 2018 жылдың соңғы айларында "Жаңарған Жаңақорған Жастары" еріктілер тобының бастамасымен баспана қажеттілігі бар Ақзила апамызға тұрғын үй салып берсе, күзге дейін Беласарова Анар апамызға тұрғын үй кілті табысталады. Сонымен қатар өте жақын күндері еріктілер тобының бастамасымен кент орталығынан үлкен әлеуметтік дүкен ашылады. Ол дүкенде мыңнан астам киімдер әлеуметтік көмек ретінде тегін берілетін болады.