Жаналық

VII аудандық спартакиада өз мәресіне жетті

2019-06-05 63 рет қаралды

Дәстүрге айналған білім қызметкерлерінің VII аудандық спартакиадасы өз мәресіне жетті. Екі айға жуық спорттың волейбол, баскетбол, гандбол, футбол, футзал және шахматтан бақ сынаған шәкірттер мектеп мерейі үшін аянып қалмады. Спартакияда қорытындысы бойынша №110 мектеп лицейінде жүзден жүйрік шыққан мектеп құрамаларын салтанатты шара аясында марапаттап, кубоктар табыс етілді.

Спартакиада қорытындысы бойынша Футзалдан «Ұлттық мектеп лигасы» аясында өткізілген аудандық жарыста ұлдар командасынан №125 білім ошағы бірінші орынға жайғасса, №53 және №169 мектеп жастары күміс пен қоланы бөлісті. Қыздар арасындағы ала доп аламанында №52 мектептің бұрымдылары жеңіс тұғырына көтерілсе, №55 мектеп күміс, №240 мектеп алтынды еншіледі. Ал, футболдан №163 мектептің мерейі үстем болды. Сол секілді «Шұбар доп» тақырыбында волейболдан өткен жарыста жас ерекшеліктеріне байланысты командалар жеңіс сатысына көтерілді. №224, №223, №167 және №193 білім ошақтары жеңіспен оралды.

«Алтын доп» тақырыбында баскет­болдан өткен аудандық сында №54, №51, №110 мектеп-лицейінің оқушылары алтын­нан алқа тағынды. Гандболдан «Ұшқыр доп» деген тақырыпта тартысқан қол добының шеберлері арасынан №192, №110 мектеп-лицей, №52 білім ошағы жеңістің ең биігінен көрінді. Сондай-ақ, шахматтан №195 және №110 білім ордасы жеңімпаз атанды. Жалпы, қорыта келе командалық есепте 419 ұпаймен №110 мектеп-лицей үшінші орынға тұрақтайды. Ал, 427 ұпаймен екінші орын №53 мектеп қол созды. Алтын тұғыр 464 ұпаймен Әбдіқадыр Тұрар басқаратын №52 мектепке бұйырды.

Сонымен қатар, «Спорт жұлдыздары» журналы редакция алқасының шешімімен «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі» үшін медалімен Мелдебек Есболат, Төленбай Жұматаев және Болат Сүлейменов марапатталды. Марапаттау рәсіміне ұлағатты ұстаз Өмірзақ Оспан­беков, Әзілхан Үпенов, ардагер ұстаз Мұхтар Өрғараев, өнер иесі Уәли Ибрагимов шақырылды.

Енді АӘД пәнінен «Жас мерген – 2019», «Мерген ару – 2019» және «Айбын» әскери-патриоттық сайысында жүлделі болған мектептерге тоқталсақ. №245 орта мектебінің команда жетекшісі Жанболат Қасымбековтың ұлдары мен қыздары және №163 мектептің ұстазы Қуаныш Аблакимовтың шәкірттері мерген атанып, абыройы асқақтады. Сол секілді Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 толуына орай өткізілген «Мерген-2019» ұстаздар арасында аудандық біріншілік ұйымдастырылды.

Осымен жарысты қорытындылаған білім қызметкерлері келер сайыстарға дайындығын бастап кетті. Былтыр №110 мектеп-лицейге бұйырған бас жүлде биыл №52 мектептің еншісіне бұйырды. Алдағы спартакиадада осы алтын тұғырға таласу үшін мектептер «Мектеп лигасы» аясында бақ сынасатын болады.