Жаналық

Аудан көлемінде жыл соңына дейін 3 900 жұмыс орны ашылады

2019-06-11 30 рет қаралды

Аудан көлемінде жыл басынан бері 673 адам жұмыспен қамтылды. Ал жыл соңына дейін барлығы 3900 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Оның дені мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті дамыту бойынша жүзеге асуда. Мемлекеттік қолдаудың игілігін көргендердің бірі – Олжас Фазылов. Ол есеп және аудит мамандығын меңгерген. Алайда соңғы жылдары мамандығы бойынша тұрақты қызмет таппағаннан соң, жылқы бағып, қымыз өндіруге кірісіпті. Алдымен «Бизнес бастау» курсын оқып, 252 мың теңге грант иеленеді. Кейін 5 миллион теңге жеңіл пайызды несиеге қол жеткізіп, шаруашылығын үлкейткен.

«Жаңақорған кентінің тұрғындары емге саумал және қымыз ретінде Ақтөбеге аптасына екі рет 50-60 литрден жіберіп тұрамыз. Алдағы уақытта жасап жатқан жұмысымызды үлкейтсек деген мақсатымыз бар», - дейді Жаңақорған ауданының тұрғыны Олжас Фазылов.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша,ауданымызда жыл басынан бері барлығы 61 үміткерге 273 миллион теңге қаржылай көмек берілді. 29 жасқа дейінгі жастарымызды қазір қысқа мерзімді 3 айлық курстан оқыту басталды. Яғни күз айынан бастап, 505 мың теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар беруді жоспарлап отырмыз», - дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Жаңабек Тұрлыбеков.