Жаналық

Аудан басшысы ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты

2019-09-10 30 рет қаралды

Бүгін аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы Шалқия кенті аумағында орналасқан "Шалқия Цинк ЛТД" АҚ жұмысымен танысты.

Шалқия кеніші 1952 жылы ашылған және сол уақытта мамандар бұл жерде руданың мол қоры барын анықтаған, яғни Қазақстан аумағындағы мырыштың 30% ы Сырдың қойнауында жатыр деуге негіз бар.

Бүгінгі таңда Шалқия кенішінде 680 адам еңбек етуде, өндіріс орны тоқырап қалған тұста өзге өңірлерге көшіп кеткен мамандар елге қайта оралуда. Сол үшін кеніш басшылығы оларды жатын орын, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешіп қойды. Таяу жылдары кәсіпорын толықтай іске қосылған кезде мұнда 1500 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Сонымен қатар аудан басшысы Кейден елді мекенінде орналасқан «СКЗ-U» ЖШС күкіртқышқылы зауыты заманауи технологиясымен ерекшеленетін кәсіпорын жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорынды облыстағы инновациялық жобаларды жүзеге асыру барысында алғашқы қолға алынған игілікті шара деуге негіз бар.

Серінді серіктестік аясындағы жобаны жапониялық – «Marubeni» және «ТЕРС» корпорациялары, канадалық – «UraniumOne» компаниясы қатысуымен «ҚазАтомӨнеркәсіп» Ұлттық Атом компаниясы іске асырды. Ал, құрылыстың технологиялық жабдықтарын «Desmet Ballestra S.P.O.» (Италия) компаниясы құрған. Францияның «General Electric» компаниясы өндіретін энергогенераторлық қондырғыларды осы кәсіпорынның жабдықтаушы БК ЖШС «Союзкомплект» жүйелі жұмысты қалыптастырды.

2017 жылдың соңында республикалық «Парыз» байқауына қатысып, зауыт ұжымы бірінші орынды жеңіп алды. Мұнда жаңа технологияны игерумен қатар еңбек қауіпсіздігін дұрыс сақтай білу нәтижелерінің қорытындысымен осы көрсеткішке қол жеткізді. Қазіргі таңда бұл жерде 270 адам жұмыс істейді.

Сонымен қатар, кәсіпорын маңындағы Кейден ауылының аяқсуы, мектеп оқушыларына демеушілік жасау, басқа да әлеуметтік шаралардың өтуіне көмектесуді естен шығармайды.

Ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысқан аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы кәсіпорын ұжымдарына сәттілік тіледі.