Жаналық

Биыл облыс аумағында 26 адам суға кеткен

2019-11-04 23 рет қаралды

Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінде ағымдағы жылдың 9 айы бойынша қорытынды кеңес өтті.

Департамент бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Руслан Қайрақбаев биылғы 9 айдағы қызметтік жұмыстарының нәтижелері, жетістіктері және алға қойылған басым міндеттері мен мәселелері туралы баяндама жасады.

Биыл облыс аумағында 198 табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар тіркелді. Төтенше жағдай салдарынан 119 адам зардап шегіп, 23 адам қаза болды.

Жалпы суға кеткендер саны 26 адам, оның 11-і бала. Шомылу маусымы кезеңінде оқыс оқиғалар Қызылорда қаласы және Жаңақорған, Қармақшы аудандарындағы су айдындарында жиі тіркелді.

Сонымен қатар, аймақта 393 өрт болып, 5 адам қаза тауып, 15 адам жарақат алған. Олардың 275-і тұрғын үйлерде болған өрт оқиғалары. Сондай-ақ, жыл басынан бері 24 адам көмірқышқыл және табиғи газға уланып, ауруханаға жатқызылған, оның 15-і ересек адамдар, 9-ы бала.