Жаналық

Сапалы және сапасыз тауарды айырбастау жолдары

2020-02-04 64 рет қаралды

Сатушы мен сатып алушы арасындағы қарым-қатынас дау-дамайға толы. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, сауда және қызмет көрсету саласында «Клиенттікі әрдайым дұрыс» қағидасы үнемі үстемдік етпейді. Сатып алушылар мен сатушылар арасында әлі күнге дейін тауарды қайтару мен айырбастау мәселесі өзекті болып отыр. Тұтынушының құқығын түрлі жағдайда жан-жақты қорғауға бағыттылған «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы әрекет еткенімен, сатушылар түрлі сылтауларды алға тартып, сатылған тауарды айырбастауға немесе ақшасын қайтаруға асықпайды. Шындығында сатып алушының қандай құқықтары бар? Осы мән-жайға қысқаша тоқталып өтсек.

Тауардың дүкенде немесе базарда сатып алынғандығына қарамастан тұтынушылар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен берік қорғалғандығын естен шығармауы керек. Осы Заңның негізінде сатушы сапалы немесе сапасыз тауарды айырбастауға немесе ақшасын қайтаруға міндетті (Заңның 24 бабы, 5 тармақшысы).

Тиісті сападағы, яғни қалыпты, бірақ сізге осы немесе басқа себептер бойынша, мысалы, өлшемі, түсі, фасоны бойынша  ұнамай қалған тауарды қайтару үшін сіз сатушыға 14 күн ішінде жүгінуіңіз қажет. Егер сіз сәйкессіздікті 15 күнде анықтаған болсаңыз, сізге оны ауыстыру мүмкін болмайтындығымен  келісуге тура келеді. Сатушы сізді кері қайтарады және ол дұрыс жасайды. Ал егер де сатушы 14 күнге дейінгі мерзімде оны айырбастаудан бас тартатын болса, шындық сіздің жағыңызда болады. Бұл орын алған жағдайлар құқықтық реттеу Заңының 14, 30 бабтарында атап өтілген.

Заңнама бойынша айырбастауға жатпайтын тауарлар:

1) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды;

2) іш киімді;

3) шұлық-ұйық бұйымдары;

4) жануарлар мен өсімдіктер;

5) метрлеп сатылатын тауарлар (талшықты маталардың барлық түрі, трикотажды және перделік мата, жасанды тері, кілем бұйымдары, тоқыма емес маталар, ленталар, шілтерлер, кестелер, сымдар, баулар, кәбельдер, линолеум, багет, пленка мен клеенка);

6) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын қоспағанда, егер тиісті сападағы азық-түліктік емес тауар пайдаланылмаса, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, заттаңбалары, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат сақталса, егер шартта неғұрлым ұзақ мерзім белгіленбесе, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде сатушы (дайындаушы) оны айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.

Сапасыз тауарды айырбастау әлде қайда оңай. Заңның 30 бабы 1-1 тармақшасына сәйкес, сатушы мерзімі өткен, техникалық регламентпен белгіленген, өнімнің нормативтік құжаттарының талаптарына сай емес, соның ішінде зияткерлік меншік құқықтары бұзылып өндірілген, оның пайдаланғанына, тауарлық түрінің, қасиеттерінің, пломбасы мен заттаңбаларының сақталмағандығына қарамастан сапасыз тауар сатып алынған 30 күнтізбелік күн ішінде айырбастауға  немесе ақшасын қайтаруға міндетті. Сатып алынған сапасыз тауар қолданыста болмаған сондай тауарға айырбасталуы немесе тұтынушыға тауарға жұмсалған ақшалық сомма қайтарылуы тиіс. Тауарды қайтару кезінде сатушы тауардың жартылай немесе толықтай пайдаланылғандығы, тауарлық түрінің сақталмағандығы немесе өзге де себептермен оның соммасынан ақша ұстап қалуға хақысыз.

Заңның 30-бабы, 2-тармақшасына сәйкес, тұтынушы тауардың кемшіліктерін анықтап сатушыға оның айырбастау жөнінде талап қойған жағдайда сатушы (өндіруші) оны дереу айырбастауға міндетті. Тауардың сапасын қосымша тексеру (сараптама) қажет болған жағдайда сатушы (өндіруші) айырбасты талап қойылған мерзімінен 30 күнтізбелік күн ішінде жүзеге асырады. Тауар сапасын қосымша тексеруді (сараптама) сатушы төлейді. Егер сараптама барысында тауардың сапасыздығы анықталмаса немесе тұтынушыға сатылғаннан кейін оның пайдалану және сақтау ережелерін бұзу, үшінші тұлғалардың пайдалануы салдарынан орын алса тұтынушы сатушыға (өндірушіге) тексеруге және оны ұйымдастыруға кеткен транспорттық шығындарды өтеуге міндетті. Тұтынушы тауардың сапасын тексеру сараптамасына өзі немесе сенімді тұлғасы арқылы қатысуға, сондай-ақ оны өз қаражатына өткізуге құқылы.

Өз құқығыңызды қорғап, сауатты тұтынушы болыңыз!

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын

қорғау комитеті Қызылорда облысының тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті.

Тел: 8(7242) 26-40-34. Туындаған сауалдар бойынша біздің департаментке келіп жолығуға болады.

Мекен-жайы: Қызылорда қаласы, Абай даңғылы №52 ғимарат. Е-почта : a.tulegenov@mti.gov.kz