Жаналық

Аудан көлеміндегі 27 елді мекен жыл соңына дейін таза ауыз сумен қамтылатын болады

2020-02-20 253 рет қаралды

19 ақпан күні Н. Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында өткен Қызылорда облысының әкімі Ысқақов Қуанышбек Досмайылұлының облыстың 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы тұрғындар алдындағы есепті кездесуінде тұрғындардың тарапынан көптеген сауалдар қойылды.

Сондай сауалдардың бірін Жаңақорған ауданындағы Ақүйік ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асанов Әріпбек ақсақал қойды.

«Жаңақорған ауданындағы «Сырдария» және «Талап» топтық су құбырларының жұмысы қашан аяқталады? Біздің аудандағы елдімекендер қашан таза ауыз суға қол жеткізеді? Осы туралы баяндап берсеңіз», – деді жаңақорғандық Ә. Асанов.

«Мен бұл мәселеден толық хабардармын. Жаңақорған ауданындағы аталған топтық су құбырлары бойынша жұмыстар қаралып жатыр. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Бұл жұмыс «Ақбұлақ» бағдарламасымен басталып, «Нұрлы жол» бағдарламасымен аяқталады. Жаңақорған ауданының батысында 12, шығысында 15, барлығы 27  елдімекен бар. Міне, аудандағы осы 27 елдімекенді таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысы жыл соңына дейін аяқталады. Бірақ, мен бұл жұмысты қысқа қалдырмай, күзге, яғни, қыркүйек айына дейін аяқтауды тиісті салалық орынбасарыма тапсырдым. Сондықтан, күзде Жаңақорған ауданындағы 27 елдімекен таза ауыз сумен қамтылады», – деді облыс әкімі бұл сауалға.