Жаналық

Құрметті Жаңақорғандықтар! Сіздерді исі мұсылманға парыз болған ораза - Рамазан айының келуімен құттықтаймын!

2020-04-24 91 рет қаралды

Құрметті Жаңақорғандықтар!
Сіздерді исі мұсылманға парыз болған ораза - Рамазан айының келуімен құттықтаймын!

Бұл ай - әр шаңырақты бақыт пен берекеге бөлейтін, әр кеудені Жаратушыға деген сенім мен иманға кенелдіретін құдіретімен ұлық. Сондай күш-қуатымен, тәрбие мен тағылымға толы. Ол әрбіріміздің бойымызда қанағатшылдық, шүкіршілік, кешірімділік, бауырмалдық сияқты қасиеттерді бекемдейді.

Ата - бабамыздың аңсарлы арманымен қауышып, ұлттық даму мен өркениет жолына түскен мемлекетіміздің бір бөлшегі-жаңарған Жаңақорғанымызда жаһандық озық үлгілерді мұрат тұтқан мақсатты жоспарларымыз аз емес. Адамзаттың ортақ игілігіне бағытталған бұл баянды бастамаларымыздың барлығы да алдымен тұрақтылықтың, содан соң халықтық құндылықтарымызды ұлықтай білер озық ойлы ұрпақтың пайым - парасатына байланысты. Осы орайда аса киелі саналатын қасиетті өлкемізде адамдықтың рухани түп қазығы саналар имандылық салт-дәстүрдің діңгегі - асыл дінімізді ардақтайтын, оны өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған ақиқат сеніміміздің биіктігінің өзі - біздің басты бақытымыз десек те болады.

Әлемде ең өткір мәселе - денсаулық. Осы басты байлығымызға қауіп төніп тұрған бүгінгі күнде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлігімізге бекем болуға тиіспіз. Басымызға төнген індет - екінші жағынан қоғамды жақсы арнаға бұрып, адамзат атаулының ниет-пиғылын ізгілікке, жасампаздыққа жұмылдыратын дәнекер ретінде тарих парағында қаларына сенімдіміз. Бұл да өтеді, бұдан да ауыр сынақты көтеріп келген халықтың қажыр-қайраты кемімесін, жігері мұқалмасын. Алда туар жаңа өмірдің жаршысы болуымызды Жаратқан иеміз нәсіп етсін.
Оразаларыңыз қабыл болсын!

Ізгі тілекпен,
АУДАН ӘКІМІ Сұлтан Мақашов