Жаналық

1 МАМЫР - ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІНЕ ОРАЙ АУДАН ӘКІМІНІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ

2020-04-30 51 рет қаралды


Құрметті жаңақорғандықтар!

Қазақстан халқы үшін ең маңызды мерекенің бірі, берекелі бірлік пен достықтың, келісімнің мейрамы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Баршаңызды осы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын.

«Бірлік болмай тірлік болмас» деген дана халқымыз, берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан да жалықпаған.
Қазақ елінің жетістігіне айналған қоғамдық келісім, мемлекетіміздің экономикалық өсуі, әлеуметтік ілгерілеуі, демократиялық дамуы қоғам бірлігі ұйысқан және сақталған жағдайда жүзеге асып отырғаны сөзсіз. Талай сындарлы сәттерге мойымай, бар ауыртпалықты бірге көтере білуіміз бізді осындай жетістіктерге жеткізіп отыр.
Әлем елдерін коронавирус жайлаған тұста қазақстандықтар бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында жұмылған ел екенін көрсетіп, қиындықты еңсеруде.
Сарапшылар мен ғалымдар коронавирустан кейін әлемде басты құндылықтар өзгеріп, қоғамдық сана жаңа бағытқа бағдар алатынын айтуда. Бірақ, біздің басты байлығымыз – қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық. Біз үшін бұл құндылық өзгеріссіз қалып, елдің одан ары дамуына, бәсекеге қабілетті болуына
тірек болады деп есептеймін.

Құрметті жерлестер!

Біздің ауданда 26 ұлттың өкілі, бір қолдың саласындай, бір атадан тараған ұрпақтай тату-тәтті өмір сүріп, ауданымыздың мәдени-рухани, әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлес қосуда. Ұлы Дала елін Отаны ретінде құрметтеп, шағын және орта кәсіпкерлік, білім, денсаулық, спорт салаларының дамуына тер төгуде. Ауданымыздың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында республикалық, облыстық бюджеттен
қомақты қаражат бөлінуіне қол жеткіздік. Біз кезең-кезеңімен кәсіпкерлік қызмет түрлерінің жұмысын қайта жандандыра бастадық. Сондықтан да карантиндік шараларға аз ғана шыдамдылық танытып, жоспарлы жұмыстарымызды бірге іске асыратын боламыз.

Қадірлі ағайын!

Бірлік мерекесі күні Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін.
Бейбіт өмірдің берекесі, халқымыздың ынтымағы мен бірлігі арта берсін!

Ізгі ниетпен,
АУДАН ӘКІМІ Сұлтан Мақашов