Жаналық

7 Мамыр – отан қорғаушылар күніне орай аудан әкімінің құттықтауы

2020-05-06 49 рет қаралды


Қадірлі жерлестер!

Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын!
Бүгінгідей бейбіт өмірдің берекесі мен тынышын қорып, шегендеулі шекарасын күзетіп тұрған сарбаздарға мың алғыс. Әскерімізің айбынын асқақтататын рухты
ер жүрек, жігіттерімізге қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Өйткені бұл күн – жүрегі елім деп соғатын ерлердің ерен еңбегінің жемісін көрсететін күн.
Ел басына күн туған шақта қолына қаруын алып, ел қорғауға аттанған батыр бабаларымызды тарихтан танимыз. Сондай өршіл рухты қазақ азаматтары бүгін де арамызда жүр. Бүгінде бейбіт күннің батыры атанған әр түрлі салада ерінбей еңбек етіп, қазақ қоғамының дамуына, өркендеуіне күш салып жүрген жігіттер жетерлік. Соңғы уақытта әлемді әбігерге салған індетті ауыздықтауда ақ халатты жандарға демеу болып жүрген сарбаздардың, құқық қорғау қызметкерлерінің қызметін көріп отырсыздар. Біз осындай азаматтарымыз тұрғанда еңсемізді тіктеп, елдігімізді көрсете аламыз.

Қайсарлықтың ерен үлгісі болған абзал азаматтарды, ұландарды, жасампаз да жігерлі жігіттерді, барша аға буын өкілдерін төл мерекесімен құттықтаймыз. Нәзікжандыларға қорған болып, ел үшін емірене еңбек ете беріңіздер. Денсаулықтарыңыз мұқалмай қашанда абырой биігінен көріне берулеріңізге тілектеспін. Еліміздің өркендеуі жолында атқарып жатқан игі қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, денсаулық, мол бақыт және бейбіт ғұмыр тілейміз.
Біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін!
Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Біз осындай жандардың ержүрек істеріне сай сый-құрмет көрсете отырып, олардан өнеге алып өсетін жас ұрпақ Отанына адал қызмет етеді деп сенеміз. Бүгінгі күні ауданымыздан 189 сарбаз азаматтық борышын өтеуде. Келісім шарт бойынша 15 азаматымыз әскери қызмет атқарып жүрсе, арнайы әскери мектепті бітірген 30 азамат еліміздің әр өңірінде қызмет атқаруда.

Құрметті жаңақорғандықтар!

Әр сүйем жер үшін, ата-баба қонысын жаудан көздің қарашығындай қорғап жүрген еңсегей бойлы ерлерді, жаужүрек, қайсар мінезді сардарларымыз бен сарбаздарымызды тағы да бүгінгі мерекелерімен құттықтап, зор денсаулық, қажымас қайрат, жанұяларыңызға баянды бақыт тілейміз!

Ізгі ниетпен,
АУДАН ӘКІМІ Сұлтан Мақашов