Жаналық

12 мамыр – халықаралық мейірбикелер күніне орай аудан әкімі С.Мақашовтың құттықтауы

2020-05-12 41 рет қаралды


Құрметті денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, ақ халатты абзал жан - мейірбикелер! Сіздерді бүгінгі халықаралық мейірбикелер күні кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын.

Денсаулық сақтау саласында халық денсаулығын жақсарту жолындағы мейірбикелер еңбегі ұшан теңіз. Осы саланың барлық сатысында мейірбикелер еңбегі көрініп тұрары анық. Ұлт денсаулығын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жемісті жұмыстар осының айғағы. Мейірбикелер сала жұмысының алға жылжуына едәуір үлес қосып, отандық денсаулық сақтаудағы ең жақсы дәстүрлерді жоғалтпай, әлемдік тәжірибені игеріп, өздерінің күнделікті тәжірибесінде медициналық көмек көрсету сапасын арттыра отырып, мейірбикелік күтімді жетілдіру бойынша да айтарлықтай еңбек етіп келеді. Өйткені, мейірбике - білім мен шеберлігі бар, ісімен жан - жақты, күтім процесіне жауапты, мейірімділік көрсете білетін ерекше мамандық иесі. Бүгінгі мейірбике тек қана дәрігер бұйрығын орындаушы ғана емес, ол ойшыл, үнемі ізденісте жүретін шығармашыл тұлға. Яғни, бір сөзбен айтқанда, мейірбике – емделушінің күтімін ұйымдастырушы, емделушінің күтімін орындаушы, емделушінің ықыласын қорғаушы, кеңесші, зерттеуші, медициналық топтың белсенді мүшесі, көшбасшы.

Жаһанды жайлаған пандемия кезеңінде медицина қызметкерлері COVID-19 вирусымен алдыңғы шепте күресіп келеді. Сіздер еңбектің ерен үлгісін көрсетіп, халықтың қорғанына айналдыңыздар және жоғары мадақ пен ерекше құрметке әбден лайық тұлға болып қаласыздар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев медицина қызметкерлерін қаржылай және рухани қолдау керектігін тапсырғаны белгілі. Осы ретте, вируспен күреске жұмылдырылғандардың барлығы өздеріне тиесілі үстемақыларын алады. Елеулі еңбектеріңіз ескерусіз қалмайды. Сындарлы сәтте сырқатқа қасқая қарсы тұрған ақ халаттыларға амандық пен мұқалмас жігер тілеймін.

Қадірлі мейірбикелер!
Тағы да Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін.

Ізгі ниетпен,
АУДАН ӘКІМІ Сұлтан Мақашов